«Шекарасыз тілшілер» рейтингі. Тұншықтырылған тәуелсіз БАҚ пен сөз бостандығы

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық құқық қорғау ұйымы дүниежүзілік баспасөз индексін жариялады


04/05/2022
15:20 7797 0

Жақында «Шекарасыз тілшілер» халықаралық құқық қорғау ұйымы дүниежүзілік баспасөз индексін жариялады. Онда Қазақстан 180 елдің ішінде 122 орынға жайғасқан. Осыған байланысты бүгін біз Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ пен сөз бостандығының жай-күйіне қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

 

Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тың дамуы туралы айту өте қиын. Өйткені ол егемендік алған жылдардың басында болмаса, 2000 жылдардан бері қарай қудалаудан көз ашпаған. Яғни, «даму» деп айтуға келмейді. 2002 жылдан бері Қазақстан әлемдік сөз бостандығы рейтингінде 116 орыннан жоғары көтеріліп көрмеген. Атап айтқанда, 2002 ж – 116, 2003 ж – 138, 2004 ж –131, 2005  ж– 119, 2006 ж– 128, 2007 ж – 125, 2008 ж– 125, 2009 ж– 142, 2010 ж– 160, 2011ж – 154, 2012 ж– 160, 2013 ж -161, 2014 ж– 161, 2015 ж– 160, 2016 ж– 160, 2017 ж– 179, 2018 ж– 158, 2019 ж -  158, 2020 ж – 155, 2021 ж - 157 орында болған. 

 

2022 жылғы статистикасы бойынша, Қазақстанда 5151 БАҚ құралы тіркелген. Оның ішіне 3365 – мерзімді басылым (газет, журнал), 191 - телеарна, 84 - радио, 930 - ақпарат агенттігі мен сайт кіреді. Бірақ қаптаған қалың БАҚ-тың арасында тәуелсіз, бейтарап, ақпарат тарататын газет, журнал, сайттар саусақпен санарлық және олар жыл өткен сайын азайып келеді. Бұны пайызға шағатын болсақ, ол шамамен - 99 пайыз мемлекеттік және 1 пайызға жетпейтіні тәуелсіз БАҚ болып шығады. 

 

«Әділ сөз» халықаралық ұйымының есебі бойынша, 2010 жылға дейін Қазақстанда 60 тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы болған. Бірақ олардың саны небәрі 5-6 жылдың ішінде 10 есеге қысқарған. Оған сот шешімімен салынған айыппұлдар, билік тарапынан жасалған қысымдар себеп болған. 2010 – 2016 жылдар аралығында 55 тәуелсіз БАҚ құралы түрлі себептермен жабылған. 2010 жылы бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты  97 іс қозғалып, 2 млрд 847 млн 758 мың 399 теңге айыппұл салынған. 2011 жылы бұл көрсеткіш сәл азайып, БАҚ-қа қатысты 77 іс қозғалып, 2 млрд 956  млн 132 мың 703 теңге айыппұл талап етілген. 2012 және 2016 жылдар аралығында «Жас Алаш», «Адам бол», «Аңыз Адам», «Уральская неделя» және «Nakanune.kz» басылымдарына салынған айыппұлдардың жалпы соммасы 53 500 000 теңгені құраған. Қазір уақытта бұл бес басылымның үшеуі («Адам бол», «Аңыз Адам», «Nakanune.kz») жабылған. 

 

Бұнымен қатар, билік мемлекеттік тапсырыс негізінде БАҚ-қа 2013 ж – 43 млрд, 2014 ж – 48 млрд, 2015 ж – 43 млрд, 2016 ж – 41 млрд, 2019 ж – 49 млрд теңге жұмсаған. 2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдағы бес жылда мемлекеттік ақпараттық саясат үшін бюджеттен 242 млрд теңге бөлуді сұраған. Елдегі тендерде отырған МемБАҚ пен тәуселсіз БАҚ-тың жағдайын салыстыруға келмейді. 

 

Қазіргі уақытта Қазақстанда балама, бейтарап ақпарат тарататын санаулы басылым мен ютуб арна бар. Олардың қатарында «Азаттық» радиосы, «Дат» газеті, «Власть.кз», «The Qazaq Times», «Орда. кз», «КазТАГ», «Уральская неделя» басылымдары мен «Не дейді», «За нами уже выехали», «Гиперборей», «Қажет»,  «Тіл кеспек жоқ» және «Ел медиа»  сияқты You Tube арналары бар. 

Поделиться

Нет комментариев.

04/05/2022 15:20
7797 0

Уведомление